Университеттік аурухана

Медицина қызметкерінің құқықтары мен міндеттері

Медицина қызметкерінің құқықтары мен міндеттері

Медицина қызметкерлері — заңмен қорғалады

Қазақстан Республикасында медицина қызметкерлеріне және жедел жәрдем жүргізушілеріне қатысты қорқыту және күш қолдану үшін жауапкершілікті көздейтін Қылмыстық кодекстің 380-3-бабы енгізілді.

Медицина қызметкерлеріне қатысты кез келген заңсыз әрекеттер қатаң жауапкершілікке әкеп соғады — айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыруға дейін.

Біз медицина қызметкерлерінің еңбегін құрметтеуге және заң талаптарын сақтауға шақырамыз. Дәрігердің қауіпсіздігі — әрбір пациенттің қауіпсіздігі.

2020 жылғы 7 шілде айындағы № 360-VI (01.02.2026 ж. жағдай бойынша өзгерістер мен толықтырулармен)Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексі

270-бап. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің мәртебесі және құқықтары

Медицина және фармацевтика қызметкерлері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында және өзге де нормативтік құқықтық актілерде көзделген негізгі кепілдіктерге, оның ішінде:

  1. қызметкердің еңбек міндеттерін орындауы үшін тиісті жағдайлардың жасалуына, соның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қажетті медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілуіне;
  2. жұмыс берушінің немесе осы мақсаттарға Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген бюджет қаражатының есебінен, денсаулық жағдайы бойынша Еңбек міндеттерін орындау мүмкін болмаған жағдайда және ұйым таратылуына байланысты қызметкерлер санының немесе бюджет қаражаты есебінен біліктілікті арттыруға немесе кәсіби біліктілікті өзгертуге;
  3. біліктілік деңгейіне сәйкес еңбекақы алуға;

3-1) жергілікті атқарушы органдардың медицина қызметкерлерінің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдардан басым тәртіппен орын беруіне;

3-2) пациенттер мен өзге де тұлғалардың тарапынан кәсіби қызметіне заңсыз араласудан және кедергі келтіруден қорғалуға;

3-3) пациенттер мен өзге де тұлғалардың тарапынан мамандарға құрметпен қаралуына;

3-4) ғылыми және зерттеу қызметін жүзеге асыруға, жаңа әдістер мен технологияларды медицина практикасына енгізуге қатысуға;

3-5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен педагогикалық қызметпен айналысуға;

3-6) Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңына сәйкес медициналық мамандық бойынша әскери қызмет өткеруге немесе әскери қызметке шақырудан кейінге қалдыра алуға;

  1. жұмыстың ерекшелігі мен күрделілігіне, еңбек көлемі мен сапасына, біліктілік деңгейіне, сондай-ақ қызмет нәтижелеріне сәйкес еңбекті ынталандыруға;
  2. кәсіби бірлестіктер құруға және оларға қатысуға;
  3. медициналық көмек көрсету кезінде пациенттің өмірі мен (немесе) денсаулығына зиян келтірілген жағдайда медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыруға;
  4. қызметтік міндеттерін орындау кезінде өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтеуге;
  5. медициналық және фармацевтикалық қызметке рұқсат құжаттары болған жағдайда жеке медициналық практикамен және фармацевтикалық қызметпен айналысуға;
  6. шұғыл медициналық көмек көрсету үшін пациентті жақын орналасқан медициналық ұйымға жеткізу кезінде жеке және заңды тұлғаларға тиесілі байланыс құралдарын кедергісіз әрі тегін пайдалануға;
  7. кәсіби қызметті жүзеге асыруға байланысты жол жүру шығындарының өтелуіне құқылы.

Осы бапта көзделген құқықтарды жүзеге асыру басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауы тиіс.

ҚР ДСМ 07.07.2020 жылғы № 360-VI «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі 01.02.2026 ж. жағдай бойынша өзгертулер мен толықтырулармен.

271-бап. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің міндеттері

Медицина және фармацевтика қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызмет атқара отырып, медициналық этика және деонтология қағидаларын басшылыққа ала отырып, міндетті:

  1. аурулардың алдын алуға, халық денсаулығын нығайтуға ықпал етуге, салауатты өмір салтын насихаттауға;
  2. өз біліктілігіне, қызметтік және лауазымдық міндеттеріне сәйкес медициналық көмек көрсетуге;
  3. қажет болған жағдайда басқа бейіндегі немесе жоғары білікті мамандарды кеңеске тартуға;
  4. медициналық құпияны сақтауға, пациенттің ауруы, жеке және отбасылық өмірі туралы мәліметтерді жария етпеуге;
  5. кәсіби деңгейін үздіксіз арттыруға;
  6. денсаулық сақтау саласындағы кадрлық ресурстарды есепке алудың ұлттық жүйесінде тіркелуге;
  7. дәрілік заттарды тағайындау кезінде медициналық көрсетілімдер болған жағдайда өз құзыреті шегінде халықаралық патенттелмеген атауымен рецепт жазуға (пациенттің жеке көтере алмаушылық жағдайларын қоспағанда).

Медицина және фармацевтика қызметкерлеріне, сондай-ақ медициналық ұйым басшыларына:

  1. дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жарнамалауға қатысуға;
  2. жеке пайда табу мақсатында пациенттерге белгілі бір дәріханаларды немесе медициналық бұйымдарды сату орындарын ұсынуға;
  3. дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндірушілердің және (немесе) дистрибьюторлардың өкілдерінің қатысуымен ілгерілетуге (күнделікті дәрігерлік конференциялар, ғылыми-практикалық конференциялар және арнайы семинарлардан басқа жағдайларда) жол берілмейді.

Навигация мәзірі

Аурухана директоры туралы қосымша ақпарат

Біздің пациенттерімізге қажет нәрсенің бәрі

Біз барлық шағымдар мен ұсыныстарды қарастырамыз

Біздің аурухана туралы пікіріңізді қалдырыңыз